89. Елдегі Барлық медицина ұйымдары Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорымен келісімшартқа отыра ала ма? Оған ешкім кепілдік бере алмайды. Мысалы, бір қалада кардиология бөлімі бар үш аурухана жұмыс істейді делік. Қор соның ішінде қызметтерді сатып алудың минималды стандарттары мен талаптарына жауап беретін, пациенттерге жағдай жасайтын, сапалы, жоғары технологиялық қызмет көрсете алатын, жоғары білікті мамандары мен заманауи қондырғылары бар медицина ұйымын таңдайды. Бір сөзбен айтқанда, Қор денсаулық сақтау нысандары желісін де, бәсекелестікті дамыту мақсатында медициналық ұйымдардың ішіндегі бизнес-процестерді де аталған аймақтағы медициналық көмек түрлеріне деген нақты сұранысқа қарай оңтайландырады. МӘМС шеңберіндегі медициналық қызмет түрлері Денсаулық сақтау субъектілерінен уәкілетті орган бекіткен тәртіп бойынша сатып алынады. Ол тәртіптер мынадай: 1) медициналық көмек көрсету жөніндегі міндеттемелерді орындай отырып, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі табысының балансын қамтамасыз ету; 2) міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінде көрсетілетін медициналық көмектің аумақтық тұрғыдан қолжетімділігін қамтамасыз ету; 3) денсаулық сақтау субъектілерінің теңдігі; 4) дұрыс бәсекелестік; 5) медициналық қызмет көрсету тиімділігі мен сапасы. 90. Тұрақты тұратын жері жоқ адамдар (БОМЖ) қандай көмек ала алады? Мұндай санаттағы азаматтар сақтандырылмаған жағдайда Кепілдендірілген тегін медициналық көмек шеңберінде көмек ала алады. 91. Жедел медициналық жәрдем мен Жоғары мамандандырылған медициналық көмек бағасы қалай өзгереді? Жедел медициналық жәрдем мен ЖММК тарифтері де халықаралық тәжірибелер мен медициналық қызметтерді жеткізушілердің нақты шығындарына байланысты жетілдіріледі. 92. Пациенттер басқа аудандардағы емхананың немесе клиниканың көмегіне жүгінгенде Тіркелген тұрғындар регистрі (РПН) қаншалықты рөл атқарады? Пациенттерді тіркеу мен тіркеуден шығарудың қолданыстағы тәртібіне сүйенсек, пациенттер таңдаған емханасын (клиникасын) мынадай жағдайларда өзгерте алады: - тұрғылықты немесе уақытша тұрып жатқан жерін, жұмысын немесе оқу орнын басқа әкімшілік-аумақтық бірлікке ауыстырған жағдайда; - бастапқы санитарлық-медициналық көмек ұйымы қайта құрылған немесе таратылған жағдайда; - азаматтың дәрігерді және медицина ұйымын еркін таңдау құқығы негізінде жылына бір рет; - бастапқы санитарлық-медициналық көмек мекемелерінде жыл сайын өткізілетін тіркелу науқаны кезінде, яғни, 15 қыркүйек пен 15қараша аралығында. Егер пациент өзі тіркелген аймақтан басқа өңірдегі емдеу мекемесіне барса, оған шұғыл жәрдем ғана көрсетіледі. 93. Мемлекеттік емханалар, шаруашылық жүргізу құқығындағы кәсіпорындар қалай қаржыландырылады? ҚР заңдарына сәйкес, мемлекеттік орган болып саналмайтын мемлекеттік мекемелерге басқарушылық, мәдени-әлеуметтік және коммерциялық емес сипаттағы өзге де қызметтерге қоса, табыс табатын қызмет түрлерімен айналысу құқығы берілген (ақылы қызмет көрсету). 94. Егер жергілікті пациенттер Алматы қаласындағы медицина ұйымдарын таңдайтын болса аудандық ауруханалардың жайы не болмақ? Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медицина ұйымын таңдау тетігі мен «ақша пациенттің соңынан жүреді» принципі сақталады. Егер пациент Алматыдағы медицина ұйымын таңдаған жағдайда Қор ақшаны қызмет көрсеткен клиникаға аударады. Сонымен қатар, көрсетілген қызмет көлеміне қарай келісімшарт құнын арттыру немесе кеміту тетіктері қарастырылған. Аудандық ауруханалар өздері көмек көрсеткен азаматтар үшін ғана ақша алады. 95. Медициналық жабдықтарды кім қалай сатып алады және олар медициналық ұйымдар арасында қалай бөлінеді? Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру енгізілгеннен кейін тарифтер қайта қаралады. Тарифтерге негізгі қорды жаңартуға арналған амортизациялық шығындар қосылады. Сонымен қатар, болашақта медициналық жабдықтарды жеткізушілерден жалға алу мүмкіндігі де қарастырылмақ. 96. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберіндегі медициналық көмек қалай жоспарланады? Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберіндегі медициналық көмек көлемі Қор мен жергілікті атқару органдары деңгейінде, халықтың белгілі бір медициналық көмекке деген сұранысына қарай жоспарланады. Жоспарлау барысында Қордың қаржылық мүмкіндіктері ескеріліп, демографиялық болжамдар мен макроэкономикалық модельдер де пайдаланылады. 97. Сақтандыру жағдайы туындағанда көрсетілетін көмек құны қалай өтеледі? Клиникалық шығыны бірдей топтар бойынша төлене ме, әлде, нақты шығындар негізінде төлене ме? Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру енгізілгеннен кейін медициналық қызмет ақысын төлеудің қолданыстағы тәсілдерін жетілдіру жоспарланған. Соның ішінде, жеткізуші компаниялар арасында бәсекелестікке жағдай жасап, денсаулық сақтау саласының жалпы қаржылық тұрақтылығын қаматамасыз ету мақсатында стационарлық көмек ақысын төлеу тәсілдері де жаңғыртылады. Амбулаториялық көмек деңгейінде адам санына қарай қаржыландыру жүйесі дамытылып, пациенттердің медициналық қызметтерді кешенді түрде алуын қамтамасыз ететін аралас тарифтерді қалыптастыру мүмкіндіктері қарастырылмақ; – Стационарлық деңгейде халықаралық тәжірибелерге сүйене отырып, клиникалық-емдеу шығыны бірдей топтардың негізінде тарифтерді жетілдіру жоспарланған; – Енгізіліп отырған кей жағдайларда ауруларды басқару тұжырымдамасы шеңберінде медициналық көмектің барлық деңгейлерін (бастапқы санитарлық-медициналық көмектен бастап стационарлық ем, әрі қарай оңалту шаралары) біріктіріп, тарифтерді қайта қарау көзделген. 98. Қазақстан Республикасында жұмыс істейтін шетел азаматтарына, еңбек мигранттарына медициналық көмек қалай көрсетіледі? «Міндетті медициналық сақтандыру туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 2-бабы 2-тармағына сәйкес, міндетті сақтандыру жүйесінде Қазақстан Республикасы аумағында тұрақты тұратыншетелдіктер мен азаматтығы жоқ тұлғаларға, сондай-ақ, оралмандарға да ҚР азаматтарымен бірдей құқықтар мен міндеттемелер жүктеледі. Мысалы, олар да қазақстандықтар сияқты салық, соның ішінде, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарнасын төлеуге міндетті. Еңбек мигранттарына медициналық көмек мемлекетаралық келісімдер негізінде көрсетіледі. Мысалы, Еуразия кеңістігіндегі (Ресей, Қазақстан, Қырғызстан, Армения және Беларусь) бес мемлекет аумағында жедел медициналық көмек қайтарымсыз негізде көрсетіледі. Егер мұндай келісімдер бекітілмеген болса еңбек мигранттары ерікті медициналық сақтандыру (ЕМС) қызметін пайдалана алады. Ал, қоршаған ортаға қауіп төндіретін сырқаттарға шалдыққан мигранттарға тегін көмек көрсетіледі. 99. Жеке кәсіпкерлер Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жарнаны қалай төлейді? Жеке кәсіпкерлер 2017 жылдың 1шілдесінен бастап 2 төменгі айлық жалақының 5 пайызы көлемінде жарна төлейді. Мамандар болжамынша, 2018 жылы төменгі айлық жалақы 28 284 теңге болатынын ескерсек, жеке кәсіпкерлердің ай сайын төлейтін жарнасы 2 828 теңгені құрамақ. Жарнаны ай сайын немесе бірден бір жылға төлеуге болады. Зейнетақы жарналарын аудару тәртібіне ұқсас болып келетін бұл жүйемен жұмыс берушілер де, жеке кәсіпкерлер де жақсы таныс. Бұл аударымдарды жеке есеп-шот ашу арқылы да, есеп-шот ашпай-ақ, екінші деңгейлі банктер мен Қазпоштаның кез-келген бөлімшесі арқылы да аударуға болады. 100. Әлеуметтік маңызы бар сырқаттарға не жатады және оларды емдеуге жұмсалатын қаржы қалай бөлінеді? Әлеуметтік маңызы бар сырқаттарға: туберкулез, иммунтапшылығы вирусынан туындайтын аурулар және ВИЧ, жұқпалы В, С гепатиті, қатерлі ісік, қант диабеті, психикалық аурулар, балалардың сал ауруы, инфаркт (бастапқы алты ай), ревматизм, дәнекер тіндердің жүйелі зақымдануы, орталық жүйке жүйесінің тұқым қуалайтын-дегенеративті сырқаттары, орталық жүйке жүйесінің миелин қабықшасының зақымдануынан туындайтын аурулар жатады. Сонымен қатар, айналадағы адамдарға қауіп төндіретін сырқаттар да бар. Ондай науқастарға: иммунтапшылығы вирусынан туындайтын аурулар және ВИЧ індеті, Конго-Қырым қанды безгегі, дифтерия, менингококк инфекциясы, полиомиелит, тек қана жыныстық жолмен таралатын жұқпалы аурулар, алапес, безгек, түйнеменің (сібір жарасы) жеңіл түрі, туберкулез, тырысқақ, оба, іш сүзегі, вирусты гепатит, мінез-құлық пен психикалық ауытқулар. Әлеуметтік маңызы бар сырқаттарға шалдыққан азаматтарға медициналық көмек Тегін кепілдендірілген медициналық көмек көлемі (ТКМКК) шеңберінде көрсетіледі.

Теги других блогов: медицина сақтандыру қор