69. Медициналық ұйымдардың міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі шеңберінде көрсеткен қызметтерінің ақысы қалай төленеді? Денсаулық сақтау нысандарының міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде көрсеткен қызметтерінің ақысы уәкілетті орган бекіткен тариф бойынша, қызмет көрсету актілері негізінде төленеді. Ақы төлеу барысында: 1) медициналық қызметтердің сапасы мен көлеміне қатысты келісімшарт міндеттемелерінің орындалу деңгейін мониторингтеу нәтижесі; 2) денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау нәтижелері; 3) азаматтардың денсаулық сақтау субъектісін таңдау құқығының сақталу деңгейі есепке алынады; Денсаулық сақтау субъектілері көрсеткен қызметтердің ақысы Қордың есеп-шотынан төленеді. 70. Медицина саласы қызметкерлерінің жалақысы өсе ме? Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі медицина қызметкерлерінің еңбекақысын арттыруға мүмкіндік береді. Міндетті сақтандыру қаржысы дәрігерлердің жалақысын көтеруге, қызмет сапасын арттыруға бағытталмақ. 71. Медицина саласы қызметкерлерінің жалақысын көтеру тетігі қандай? Оны қандай қаржы көзінен жүзеге асыру көзделіп отыр? Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде әрбір медицина ұйымы еңбекақы төлеудің сараланған тәсілдерін біртіндеп енгізіп, персоналды материалдық жағынан ынталандырудың тиімді үлгісін өз бетінше қалыптастыруына болады. Яғни, көпшілік тарапынан мойындалған білікті мамандар, тәжірибелі дәрігерлердің жалақысы қазіргіден әлдеқайда жоғары болуы тиіс. Медицина ұйымдарының менеджменті белгілі бір клиниканың табысы мен қаржылық әл-ауқатының білікті мамандарға байланысты екенін ұғынуы қажет. Жеке меншік медицина саласында көптен бері пайдаланылып келе жатқан еңбекақы төлеудің бұл тетігі тиімділігін әлдеқашан дәлелдеп те қойды. Өйткені, пациенттердің басым бөлігінің бүгінде беделді дәрігерлерге қаралып, емделуді қалайтыны жасырын емес. Ал, ондай жоғары білікті мамандардың материалдық жағдайы да дәрежесіне лайықты болуы тиіс. Болашақта міндетті сақтандыру жүйесінде медицина саласы мамандарын ынталандырудың осындай тетіктері қалыптасады деп үміттенеміз. Себебі, МӘМС жүйесі діттеген негізгі мақсат – медициналық қызмет сапасы мен ақырғы нәтижеге негізделген. 72. Медициналық қызмет сапасы қалай бағаланады? Медициналық қызмет сапасы қызмет көрсетудің әртүрлі кезеңдерінде бағаланады. Ішкі сараптаманы медицина мекемелерінің ішкі бақылау қызметі жүргізеді. Ал, сыртқы сараптаманы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының сарапшылары жасайды. Олар денсаулық сақтау саласындағы ақпараттық жүйелерді, көрсетілетін қызмет көлемі мен сапасына қатысты қолданыстағы индикаторлардың көмегіне сүйенеді. Сапа мен қызмет көлемі ақсап жататын болса медициналық қызмет ақысы жартылай төленеді немесе төленбейді. Сонымен қатар, медициналық қызмет сапасын уәкілетті мемлекеттік органдар да қадағалайтын болады. Олар тәуелсіз сарапшылардың көмегіне жүгінеді. Сондай-ақ, алдағы уақытта халықтың медициналық қызметтерге қанағаттану деңгейін мобильді қосымшалардың және сауалнамалардың көмегімен, денсаулық сақтау субъектілерінде орналасқан қызмет сапасын бағалау терминалдары арқылы анықтау көзделіп отыр. Қор көрсетілген медициналық көмектің түріне қарай әр медицина ұйымына арнап тікелей және ақырғы нәтиже индикаторларын әзірлейді. Қызмет сапасын бағалау нәтижесі бойынша жеткізуші компаниялардың рейтингі жасалады. Рейтинг Қордың интернеттегі ресми сайтында (ресурсында) жарияланады. Әр пациент осы рейтинг негізінде медициналық мекемені таңдау құқығына ие болмақ. 73. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорындағы қаржының ашық бөлінуі (мақсатқа сай жұмсалуы) қалай қамтамасыз етілмек? Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры қызметінің ашықтығы төмендегі тетіктердің көмегімен қамтамасыз етіледі: • жарналар мен қаржы түсімдері тұрақты мониторингтен өткізіледі • көрсетілген медициналық қызметтерге тұрақты мониторинг жасалады • Қоғамдық кеңестер құрылады • уәкілетті органдарға (ҚР ДСМ, Үкімет, Есеп комитеті) қаржының пайдаланылуы туралы стандартты есептер беріледі • жалпы жұртшылыққа арналған жылдық есеп жарияланады • Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының веб-сайтында ұйымның стратегиялық құжаттары, сақтандырылған азаматтарға арналған ақпараттар орналастырылады. Ақпарат жалпы негізде (құқықтары, міндеттері, мүмкіндіктері, жаңалықтар, қызмет көрсету талаптары, тарифтер т.б) және жеке кабинет арқылы жеке негізде (жарна төлейтін және қызметтерді пайдаланатын пациентке арналған есеп) жарияланады. Сонымен қатар, веб-сайттан жеткізушілерге арналған ақпараттарды да табуға болады (нормативтік-құқытық актілер, сатып алу тәртібі, тарифтер, жеткізуші компаниялармен бекітілген келісімшарттардың мазмұны, соның ішінде қаржылық мәліметтер, жеткізушілерді бақылау нәтижесі, сатыпалужәне бақылау жоспарлары) • медициналық көмек көрсету саласындағы түрлі сараптамалар, шолулар мен зерттеулер • жеткізушілердің рейтингтерін жариялау • күрделі мәселелер мен жоспарланып отырғанөзгерістерді талқылау мақсатында мүдделі тараптармен тұрақты және мақсатты кездесулер өткізу (жеткізуші компаниялардың өкілдері, пациенттердің ұйымдары) 74. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры жариялайтын конкурсқа қатысу үшін медицина ұйымының ақпараттық жүйесі болуы міндетті ме? Денсаулық сақтау ұйымдары Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде қызмет көрсету үшін ақпараттық жүйелер мен электронды ақпараттық ресурстардың қолжетімділігін қамтамасыз етуге міндетті. 75. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының қызметіне қоғамдық бақылау жүргізіле ме? «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» заңда қарастырылған бақылау тетіктерінің бірі – медициналық қызметтердің сапасын бақылайтын бірлескен комиссия. Бұл комиссия Денсаулық сақтау министрлігі, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры, жұртшылық өкілдерінің арасындағы диалог пен келісім алаңына айналуы тиіс. Комиссия құрамына дәрігерлер мен пациенттер қауымдастықтарының өкілдері, сондай-ақ, үкіметтік емес ұйымдардың мүшелері кіреді. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының жарғысында міндетті сақтандыру жүйесінің қызметін қамтамасыз ету және дамыту мәселелері жөніндегі қоғамдық кеңес құру мүмкіндігі қарастырылған. Оған мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері мен ҚР азаматтары мүше бола алады. 76. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру денсаулық сақтау саласы қызметкерлеріне не береді? Міндетті әлеуметтік сақтандыру енгізілгеннен кейін денсаулық сақтау саласы қызметкерлері жүйенің төмендегідей артықшылықтарын біртіндеп сезіне бастайды: • жалақыны еңбегіне қарай төлеу; • материалдық ынталандыру, әлеуметтік пакеттер, сыйақы мен бонустардан тұратын ынталандыру пакеті; • жұмыс берушінің есебінен біліктілігін арттыру; • медициналық техникалар мен жабдықтарды жаңарту; • жұмыс процестерін оңтайландыру және еңбек ету жағдайларын жақсарту; • жұмыс орнында білімін арттыру (оқу); • кәсіби мобильділік; • жүйені сапалық тұрғыдан жақсарту. 77. Міндетті сақтандыру енгізілгеннен кейін ерікті медициналық сақтандыру жүйесі қалай жұмыс істейді? Ерікті медициналық сақтандыру (ЕМС) сақтандырылған азаматтың медициналық қызметке кететін шығындарын толық немесе жартылай жабуға мүмкіндік береді. Болашақта міндетті сақтандыру пакетіне кірмейтін қызметтердің кейбір түрлерін қосымша ақы негізінде, ерікті медициналық сақтандыру арқылы алуға болады. Мысалы, ересектерге арналған стоматология қызметі, зиянды өндіріс орындарында жұмыс істейтін қызметкерлердің денсаулығын міндетті тексеруден өткізу, санаторлық-курорттық ем т.б. Бұл жерде мәселе жеке тұлғаның немесе жекелеген кәсіпорынның қаржылық мүмкіндіктері мен қалауына байланысты. 78. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру енгізілгеннен кейін саладағы қызмет көрсету сапасы жақсара ма? Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру енгізілгеннен кейін медициналық қызмет сапасы сөзсіз жақсарады. Ол үшін мынадай кешенді шаралар қолға алынбақ: - Сапаны бақылау жөніндегі бірлескен комиссия құру; - сапаны бақылау саласындағы функцияларды өзара бөліске салу, соның ішінде бақылауға үкіметтік емес ұйымдарды тарту; - медициналық ұйымдар көрсеткен қызметтерді сараптамадан өткізу қызметін күшейту; - медициналық қызмет көрсететін клиникалар арасында бәсекелестікті арттыруға жағдай жасай отырып сапаны күшейту; - сапа индикаторларын Қор мен медициналық қызметтерді жеткізетін ұйымдар арасындағы келісімшарттарға енгізу және қаржыландыру деңгейі соған тәуелді ету т.б. 79. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру кадр мәселесін шешуге мүмкіндік бере ме? Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің енгізілуін басқа реформалармен кешенді түрде қарастыру қажет. Соның ішінде, бұл мәселе медициналық ЖОО-ның білікті маман даярлауы және медицина саласы қызметкерлерінің біліктілігін тұрақты түрде арттыруға бағытталған шаралармен қабысып жатыр. Министрлік пен аймақтардағы денсаулық сақтау басқармалары халыққа білікті қызмет көрсететін медицина мекемелерінің персоналмен және медициналық қондырғылармен жабдықталуын қамтамасыз етеді. Қызметтерді жеткізетін медицина ұйымдары міндетті сақтандыру шеңберіндегі конкурстарға қатысуға мамандарының саны жағынан да, көрсетілетін қызметтердің тізімі жағынан да жан-жақты дайын болуы шарт. 80. Жаңа тариф саясаты медициналық ұйымдардың дамуын қамтамасыз ете ме? Қамтамасыз етуі тиіс. Өйткені, болашақта тарифтерге біртіндеп амортизациялық шығындарды қосу жоспарланып отыр. Бұл негізгі қаржыны жаңартуға және активтерді тиімді бөліске салған жағдайда жаңа технологияларды енгізуге мүмкіндік бермек. 81. Ауылдық жерлердегі медицина мекемелері жаңа жүйені енгізуге дайын ба? Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру енгізілгеннен кейін ауыл медицинасы бірден түбегейлі өзгерістерге ұшырайды деу қиын. Құрылымдық өзгерістер шеңберінде ауылдық медицина ұйымдарының атынан медициналық қызметті бір заңды тұлға көрсетеді. Ауыл медицинасының емханалық-амбулаторлық бөлімі белгіленген корпоративтік табыс салығы негізінде, ал, стационарлар клиникалық-шығыны бірдей топтар (КЗГ) көрсеткішін пайдалана отырып қаржыландырылады. 82. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне көшкен кезде стационарлардың қабылдау бөлімдері қалай қаржыландырылады? Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде жоспарлы стационарлық көмек маманның жолдамасы негізінде көрсетіледі. Жолдаманы алғашқы медициналық-санитарлық көмек нысаны немесе медицина ұйымы мамандары береді. Егер жолдама берілген азамат ауруханаға жатып емделген жағдайда, Қор келісімшарт бекіткен денсаулық сақтау субъектісі көрсетінің стационарлық көмек ақысын төлеуге міндетті. 83. Жергілікті атқару органдары шеңберінде медицина ұйымдарына қаржы бөлу дәстүрі сақтала ма? Жергілікті атқару органдары медицина ұйымдарының міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) және Кепілдендірілген тегін медициналық көмек көлеміне (КТМКК) кірмейтін негізгі шығындарын қаржыландырады. 84. Қондырғылар сатып алуға және күрделі жөндеуге жұмсалған шығындар қалай өтеледі? Қазақстан республикасының 2016-2019 жылдары денсаулық сақтау саласын дамыту жөніндегі «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасына сәйкес, жаңарту шығындарын біртіндеп медициналық қызмет тарифіне қосу жоспарланған. Құны 100 млн теңгеден асатын қондырғылар мен күрделі жөндеу жұмыстарының ақысы жергілікті атқару органдары есебінен төленеді. 85. Елімізде барлық тұрғындардың бірыңғай деректер базасы бар ма? Иә, мұндай база бар. Олардың қатарында Жеке және заңды тұлғалардың мемлекеттік мәліметтер базасын, сондай-ақ, Тіркелген тұрғындар регистрін атауға болады. МӘМС жүйесінде сақтандырылған тұлғалардың тізілімі осы мәліметтер базасы негізінде жасалады. 86. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру енгізілген кезде жекеменшік медицинаның дамуы мүмкін бе? 2016 жылы республикалық бюджет қаржысы есебінен 246 жеке меншік медицина ұйымымен келісімшарт бекітілді. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру енгізілгеннен кейін қызмет көрсететін жеке меншік ұйымдардың саны артып, бәсекелестік күшейеді деп үміттенеміз. Қор денсаулық сақтау субъектілерінің қызметін уәкілетті орган белгілеген тәртіп бойынша, медициналық қызмет көрсететін нысандардың теңдігі принципі негізінде сатып алады. Бұл жеке меншік және мемлекеттік емдеу мекемелерін дамытуға теңдей мүмкіндік беруі тиіс. 87. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың қандай халықаралық тәжірибе бар? Бүгінгі таңда әлемде медициналық сақтандырудың: мемлекеттік, жеке меншік және қоғамдық деп аталатын үш түрі бар. Сақтандырудың мемлекеттік моделінде медициналық қызметтер салық пен мемлекеттік бюджет есебінен көрсетіледі. Денсаулық сақтау министрлігі ресурстарды бөліске салатын агенттіктен бөлек жұмыс істейді. Бұл модельдің артықшылығы неде? Оның әлеуметтік жағы басым, елдің бәріне қолжетімді, баға бақылау мүмкіндігі жоғары. Ал, осал тұстары: Жүйе толығымен бюджетке тәуелді, халықтың сұранысынан туындайтын өзгерістерге бірден бейімделе алмайды және таңдау еркіндігі шектеулі. Сақтандырудың жеке меншік үлгісінде тұрғындар жарна төлеуге міндеттелмейді. Бірақ бұл жүйе халықтың барлық тобының денсаулық сақтау саласындағы қажеттіліктерін толық өтеуге негізделмеген. Мұнда жекелеген жеке-меншік жүйелер жұмыс істейді. Оның басты артықшылығы – азаматтың қалауы мен мүмкіндігіне қарай сараланған пакет. Кемшіліктері: бағаны бақылау мүмкіндігінің жоқтығы, медициналық ұйымдардың медициналық емес факторлар бойынша бәсекеге түсуі, экономиканың денсаулық сақтау саласына жұмсайтын шығындарының көптігі, төлеу қабілеті төмен азаматтардың медициналық қызметті пайдалануға мүмкіндігінің жоқтығы. Үшіншісі сақтандырудың қоғамдық үлгісі: Қордың қаражаты Денсаулық сақтау министрлігінен бөлек ұсталады, медициналық қызмет ақысы Қорға жинақталған міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарналары есебінен қамтылады. Артықшылықтары: әлеуметтік жағының басымдығы, жалпыға ортақ жауапкершілік, бәсекелестік пен сапаны бақылау мүмкіндігінің артуы, биресми төлемдердің азаюы. Кемшіліктері: жарна төлеуден бас тарту салдарынан қаржы тапшылығы қаупі туындайды, тиісті ІТ инфрақұрылымдар қажет. Қазақстан осының ішінде қоғамдық сақтандыру жүйесін таңдап алды. Жүйе мемлекет, жұмыс беруші мен азаматтардың ортақ жауапкершілігі принципі бойынша жұмыс істейді. 88. Қазіргі таңда мемлекеттік емдеу мекемелерінің басым бөлігінің бизнеспен айналысатыны рас. Әсіресе, стационарларда қызметтің басым бөлігі ақылы негізде көрсетіледі. Бірақ олардың денін Кепілдендірілген тегін медициналық көмек көлемі шеңберінде мемлекет тарапынан қаржыландырылатын қызметтер құрайды. Яғни, бақылау жоқ, халық ақша төлейді, үкімет мемлекеттік кәсіпорындардың ақылы табыс табуын ынталандырып отыр. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру енгізілгеннен кейін жағдай өзгере ме? Кепілдендірілген тегін медициналық көмек (КТМКК) пен Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) пакеті шеңберіндегі қызметтер қазір де, жаңа жүйе енгізілгеннен кейін де тегін көрсетілуі тиіс. Жұртшылық кепілдік берілген көмектің барлық түрлерімен қамтамасыз етіледі. Алайда, сұраныстан ұсыныс туатыны белгілі. Азаматтар медициналық сақтандыру жарнасын төлеу арқылы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде көрсетілетін қызметтердің көлемі мен түрлерін арттыруға мүмкіндік жасайды. Нәтижесінде ақылы қызметті пайдаланушылар саны азаяды. ҚР «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» заңының 7-бабына сәйкес, сақтандыру пакетіне жоспарлы стационарлық көмек, емханалық-амбулаторлық көмек, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, жоғары технологиялық қызмет түрлері кіреді.

Теги других блогов: медицина сақтандыру қызметкерлер